ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп Су тасқынына байланысты қазіргі жағдайды баяндады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
Асқар Шәріптің су тасқыны жағдайы туралы сағат 16:00-дегі берген ақпараты бойынша азаматтық қорғау қызметтері, волонтерлер және тартылған ұйымдар Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою және халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі сақталуда. Жұмылдырылған күштер мен құралдар қапшықтарды төсеу, қорғау бөгеттерін салу және су басқан аумақтан су сору жұмыстарын жалғастыруда. Барлық кезек күттірмейтін шаралар қабылдануда.
Атырау облысында Жылыой ауданының Құлсары қаласында су басқан үйлер мен аумақтардан суды сору және судың бағытын бұру, Жайық өзені бойында жағалауды бекіту жұмыстары жалғастырылуда.
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі. Су басқан үйлер мен аумақтардан суды сору жұмыстары, Есіл өзеніндегі судың деңгейіне мониторинг жалғасуда.
Республика бойынша 26 785 адам өз үйлеріне оралды. 8 795 адам, оның ішінде 3 828 бала эвакуациялау пункттерінде. 4 708 тұрғын үй мен 2 774 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды.