Фото: © Sputnik / Денис Абрамов
Спорт саласындағы деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған жол картасының жобасы әзірленді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қазіргі таңда уәкілетті орган құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, осы салада (теріс ағым жетегіндегі адамдармен жұмысты күшейту) жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл ретте, деструктивті діни идеологияның халық арасында таралуына жол бермеу жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да мемлекеттік органдармен 2023-2025 жылдарға арналған спорт саласындағы деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған жол картасының жобасы әзірленді», - деді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.
Оның атап өтуінше, интернет желісінде ақпараттық-профилактикалық және қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында әдістемелік ұсыным әзірленіп, өңірлерге жіберілді.
«Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарында теологмамандарды даярлауды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ «Нұр-Мубарак» ислам мәдениеті университеті жанында жыл сайын теологтардың біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылуда. Осы тұрғыда кәсіби мамандарды даярлау, теологтардың біліктілігін арттыру, оларға қойылатын талаптарды біріздендіру қолға алынады. Қазіргі уақытта дін саласындағы білім беру бойынша негізгі құжат – 14 мамандықтан тұратын «діни қызмет саласындағы кәсіби стандарт» әзірленуде. Жаңа стандарт дін саласындағы мамандардың біліктілігін арттырады және үздіксіз кәсіби дамуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Үкіметте дін мәселесі бойынша өңірлердегі теолог мамандар мен құзырлы органдардың қатысуымен кездесу өтті. Солардың ұсыныстары негізінде әзірленген Жол картасының жобасы қосымша пысықталуда», - деді Тамара Дүйсенова.