10 там, 2021 сағат 17:22

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұрынғы қызметкерлері сотталды


Шығыс Қазақстан облысында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұрынғы қызметкерлері сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ірі көлемде пара алған Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұрынғы басшысы «X», ауыр зардаптарға әкеп соққан қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін комитет басшысының экс-орынбасары «О» және ЖШС-нің алаяқтық жасаған бұрынғы директоры «Б» сотталды. 

«Белгілі болғандай, комитет орынбасары «О» мен ЖШС директоры «Б» алдын ала сөз байласып, 354 112 947 теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқырған. Бұл қаржы негізінен Риддер қаласында 300 орындық республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжін салуға бөлінген», - делінген ақпаратта. 

Ал Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің экс-басшысы «X» 2018 жылдың мамыры мен желтоқсан айлары аралығында ЖШС директоры «Б-дан» 35 013 881 теңге көлемінде пара және құны 13 000 000 теңгелік автокөлік алған. Ол көлікті әйелінің атына аударып жіберген. 

«Сот ісі барысында «О» және «Б» өз кінәларын мойындады. Ал «Х» пара алмағанын алға тартқан. Алайда айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айтқандарымен және тиісті құжаттармен дәлелденді», - делінген хабарламада. 

Сот үкімі бойынша Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұрынғы басшысы «X» ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен 5 жылға, комитет басшысының экс-орынбасары «О» ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен 3 жылға және ЖШС-нің осыған дейін сотты болған бұрынғы директоры «Б» 7 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығын өмір бойына жоғалтты. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.