Созылмалы ауруы өршіген кезеңде адамға коронавирус вакцинасы салынбайды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Ералиева осылай деп ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қант диабеті секілді созылмалы ауруы бар адамдар коронавирусқа қарсы вакцинаны бірінші болып алуы керек. Бұл вакциналау алайда адамның созылмалы ауруының өршуі кезінде салынбауы тиіс. Мәселен, азамат белгілі бір созылмалы аурумен ауыратын болса, сол ауруы өршіген кезеңде вакцина әлбетте кейінге қалдырылады. Созылмалы аурулардың белгісі бәсеңдегеннен кейін, яғни регрессия кезінде вакцинаны салдыруға әбден болады. Мұндай жағдайда созылмалы ауруы бар адамға салынған вакцина сау адамға салынғанмен бірдей – ешқандай зияны жоқ», - деді Ләззат Ералиева орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, әлемде қазіргі уақытта ВИЧ-инфекциясын жұқтырған адамдарға да вакцина салынып жатыр. Вакцина жақсы нәтижесін көрсетіп келеді.