20 қар, 2022 сағат 13:50

"Сот шешімі әділ болды" - Назарбаев Сатыбалдыұлына қатысты


Елордадағы опера және балет театрында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы үкімінің әділдігі туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Сот шешімі әділ болды деп ойлаймын. Әділ болмады деп есептейтін адам шағым берсін. Кез келген жағдай сот арқылы шешіледі", - деді Назарбаев тілшілер сұрағына жауап беріп. 

Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы биыл наурыз айында қызмет бабын асыра пайдаланды және Қазақтелеком АҚ-тың қаржысын ірі көлемде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Қыркүйек айында Сатыбалдыұлы кінәсін мойындап, ЦТС пен Қазақтелеком компанияларына 12 миллиард теңге және 28 миллиард теңге мүліктік шығынды өтеген.

Кейін сот шешімімен Қайрат Сатыбалдыұлына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу туралы үкім шығарылды. Сонымен қатар сот мүлкін тәркілеуді, президенттің атына оны генерал-майор шенінен, Құрмет және Парасат ордендерінен айыру туралы өтінішхат жолдауды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте, ұлттық компанияларда, Ұлттық банкте 10 жыл мерзімге лауазымдарды атқаруға тыйым салу туралы қаулы шығарды.

Бұған қоса, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, сотқа дейін Сатыбалдыұлы және басқа да тергеудегілер мемлекетке тағы 240 миллиард теңге қайтарған.