15 қар, 2022 сағат 14:11

Сот Бақытгүл Хаменоваға қатысты істің егжей-тегжейін жариялады


15 қарашада Атыраудың №2 соты облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұрынғы лауазымды тұлға және Мәдениет басқармасының басшысы азамат Р-ға қатысты қылмыстық іс алдын ала сөз байласып бір топ адаммен аса ірі мөлшерде пара алды деген айыппен қаралды (ҚР ҚК-ның 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы). Сондай-ақ, айыпталушы тарапта лауазымды тұлғаға қомақты сомада пара берді деген айыппен (ҚК-ның 367-бабы 2-бөлігі) ЖШС директоры да болды.

Үкім жарияланғаннан кейін сотта қылмыстық істің мән-жайы таныстырылды. Іс материалдарында 2021 жылдың қарашасында Атырау қалалық мәдениет бөлімі мен ЖШС арасында 145 000 001 теңгеге мүсін сатып алуға келісімшарт жасалғаны көрсетілген.

"2021 жылдың 4 қарашасы мен 2021 жылдың 11 қарашасында тапсырыс беруші ЖШС шотына 72 500 000 теңге сомасындағы шарт сомасының жартысы аударылған. Жауапкер Х. (Хаменова -еск.) облыс әкімінің орынбасары бола тұра және құрылыс саласына жетекшілік етіп, мәдениет басқармасының басшысы Р.-ға ЖШС директорынан бес миллион теңге көлемінде пара талап етуді тапсырған, ал ол келіскен. А. Р-ға 4,5 миллион теңге пара бергеннен кейін оларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері ұстады. Сонымен қатар, Р., соталды тергеу органдарымен өз еркімен ынтымақтасуға ниет білдірді. Келесі күні Р. алған параны Х.-ға алып барған, ол ақшаны алған", - делінген Атырау қалалық №2 сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот мәліметінше, мән-жайлар мен сотталушылардың кінәсі Р. мен А.-ның тергеу барысында берген мойындаулары, куәлардың айғақтары, тінту хаттамалары, пара беру кезінде сотталушылардың арасындағы әңгіменің жазбаларымен расталған.

Сот Бақытгүл Хаменоваға қатысты анттың бұзылуын ауырлататын мән-жай деп таныды. Жауапкершілікті жеңілдететін жағдай жас балалардың болуы. Сот шешімі бойынша, Бақытгүл Хаменова жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

"Екі жас баланың болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігін қолданып, үкімді орындау үш жылға шегеріліді. Сотталушы Р.-ға жеті жылға, сотталушы А.-ға төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Барлық айыпталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды", - деп істі қараған судья шешімді жария етті.

Сот Бақытгүл Хаменованы "Құрмет" орденінен айыру туралы Президентке ұсыныс жасады. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.