Бақытгүл Хаменова, фото: azh.kz
Бүгін, 21 ақпанда Атырау облыстық сотының апелляция алқасы Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату үшін 4,5 млн теңге пара алды деп айыпталып, 7 жылға сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, экс-депутат Бақытгүл Хаменоваға бірінші инстанция соты шығарған үкімді күшінде қалдырды. Хаменовамен бірге айыпталған Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиев пен "Балқыту" компаниясының директоры Өміртай Адамовқа берілген жаза мерзімі азайтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Үшеуіне үкім былтыр 15 қарашада шыққан. Атырау қалалық №2 соты Хаменованы 7 жылға бостандығынан айырып, кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, жазаны 3 жылдан соң өтеуге міндеттеген. Хаменоваға "пара берді" делінген кәсіпкер Адамов 4 жылға, екеуінің ортасында "делдал болған" мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Рысқалиев 7 жылға сотталған.
Үшеуі де мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімінде Бақытгүл Хаменованың мүлкін тәркілеу, өзін "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілген. Сотталған үшеу үкімге келіспей, өздерін ақтауды сұрап, апелляцияға шағым түсірген.
Бүгін Атырау облыстық соты апелляция алқасының төрағасы Тәтті Уәлиева сот қаулысын оқып болған соң, Хаменоваға шығарылған үкімді өзгертуге және оның күшін жоюға ешқандай негіз жоғын түсіндірді. Ол апелляция соты зерттеген дәлелдемелер Рысқалиевтің пара алуына Хаменованың (ол оған бағынышты болған) тапсырмасы ықпал еткенін анықтағанын айтты. Одан бөлек, Рысқалиев Хаменованың пара алуы үшін жағдай жасағаны да айтылады.
"Ол Адамовпен тығыз байланыста болып, ескерткішті орнату үшін ақшалай қаражат бөлу тұрғысынан қалалық мәдениет бөлімінің басшысымен және бухгалтерімен келіссөз жүргізіп, шарт жасасу процесін жеделдету, ескерткішті орнатуға бюджеттен қаржы алу, сондай-ақ бөлінген қаражатты ЖШС шотына аудару жөнінде шаралар қабылдаған" дейді Уәлиева.
Оның сөзінше, "4,5 млн теңге пара Хаменоваға арналған, Рысқалиевтің аталған сомадан үлес алуы келісілмеген".
Сол себепті Рысқалиевтің қылмыстық әрекеттері "пара алуға жәрдемдесу" ретінде қайта сараланды. Оның жауапкершілігін едәуір жеңілдететін ерекше жағдайларды ескере отырып, сот алқасы "қылмыстық құқықбұзушылықтың ашылуына ықпал етті, қылмыстық құқықбұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкереледі" деген негізбен және асырауында төрт жас баласы барын ескеріп, Рысқалиевтің жазасын 2 жылға бостандығынан айыру деп өзгертті. Ал Адамовтың зейнет жасында екені (65 жаста) және асырауында бала кезінен мүгедектігі бар екі ұлы мен келіндері және кәмелетке толмаған жеті немересі барын ескеріп, оны 1 жыл 6 айға соттады. Рысқалиев пен Адамов жазасын қамауда өтейді.
Бақытгүл Хаменова апелляция сотының қаулысына келіспейтінін және кассациялық шағым түсіретінін айтты.
"Бүгінде қарға қарғаның көзін шұқыған жоқ. Өңірдегі судьялардың дербес шешім, әділ үкім шығаруда ешқандай билігі жоқ екендігіне көз жетті. Өңірдегі құқық қорғау органдарына сенің ақиқатыңның құны көк тиын. Менің еш кінәм жоқ. Оны бәрі біледі. Ендігі үміт тек Жоғарғы Сотта. Адамның сотынан құтылғанмен, Алланың сотынан ешкім құтылмайды. Мен өзімнің шындығымды, ақтығымды дәлелдеу үшін барлық тетікті пайдаланып, соңына дейін күресемін", - деді Бақытгүл Хаменова журналистерге берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытгүл Хаменова мен Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырау қаласында Абай ескерткішін орнату бойынша 145 миллион теңге сомасына "мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды" деген күдікке ілінген еді.
Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.
видео: halyq-uni.kz