Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Македония Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ұсынылып отырған шарттың маңызы ерекше. Ең алдымен, Конституция бекіткен мемлекеттің шетелде жүрген азаматтарын қорғау міндетін орындауға бағытталған. Елімізден тыс жерде қылмыстық жауапқа тартылып, сотталған азаматтарға туған жерінде жазасын өтеуге мүмкіншілік береді», - ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.
Оның айтуынша, сотталғандарды беру үшін ол адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс. Екі елде де қылмыс болып саналатын әрекет үшін сотталса, жазасын өз елінде өтей алады.
Сонымен қатар, сотталған адамның жазбаша келісімі керек.
Бұдан бөлек, құжатта сотталған адам берілмейтін жағдайлар айқындалған.