25 шіл, 2024 сағат 12:12

"Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдікі": Қазақстандық көпбалалы ана TikTok-тағы сөздері үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды


Фото: Freepik.com


Солтүстік Қазақстан облысында 39 жастағы бес баланың анасы TikTok желісінде Қазақстанның сотүстігі Ресейдікі екенін және орыс қарулы күштері осы аймаққа басып кірсе қолдайтынын айтқан. Әйел сепаратизм бабы бойынша үш жылға сотталды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Stan.kz -ке сілтеме жасап.


Қылмыстық іс материалдарында оқиға Мамлют ауданының Дубровное ауылында болғаны көрсетілген. Тұрғын TikTok желісінде тікелей эфир өткізіп, бұрын таныс емес адаммен түрлі тақырыптарда онлайн-әңгімелескен. Оның ішінде саяси тақырыпты да қозғаған.


“Бейнежазба барысында, сөздері өзгелерге теріс әсер етуі мүмкін екеніне қарамастан, әйел Солтүстік Қазақстанның бүкіл аумағы тарихи түрде Ресей Федерациясының әкімшілік-аумақтық бөлінісінің бірлігі деп ашық айтқан. Оның ішінде Петропавл, Сотүстік Қазақстан облысын атап көрсеткен. Сондай-ақ ол Ресей әскерлерінің Қазақстан аумағына қарулы басып кіруін қолдайтынын айтқан. Бұл ретте ол белгілі бір адамдарға, оның ішінде ел аумағында тұратындарға сепаратизмге бастамашылық жасауда негіз құрып отыр”, – делінген сот үкімінде.


Әйелдің өзі бұл әңгімені жоққа шығармайды. Айтуынша, сұхбаттасушы оған түрлі сұрақтар қойған. Ал оған неге осылай жауап бергенін өзі де түсінбегенін айтты. Әйел істеген ісіне өкінетінін жеткізді.


Мамлют аудандық соты оны кінәлі деп тауып, орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.