Фото: ztb.kz
Баян Әлиқызы - Үржар елінің тумасы. Қазіргі күндері Астана қаласында тұрады. 1986 жылы болған әйгілі Желтоқсан оқиғасына бір адамдай қатысып, біраз қиындық көрген азаматша. Жуықта осы кісімен жұмыс бабымен кездескенімде, сөз арасында сол бір кездегі өзінің көргендерін, сезгендерін, қиналыспен айтып берген еді.
1986 жыл менің Қаскелең қаласындағы педучилищеде оқып жүрген шағым еді. 16 желтоқсан күні тобымыздың старостасы құрбым Салтанат Қаңлыбаева екеуміз кассадан ақша шығарып алуға Алматыға келдік. Күн еңкейген мезгілде банктегі жұмысымызды бітіріп сыртқа шыққан едік, жақын маңайдағы алаң жақтан айқай-шу естілді. «Не болып жатыр екен?» деп жұрт жиналған алаңға таман барып, бір жас жігіттен жөн сұрап едік, «Қыздар, сендер естімедіңдерме? Бүгін 18 минуттық пленумда Д.Қонаевты орнынан алып, бірінші хатшылыққа республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ қайдағы бір орысты қойыпты, Колбин дей ме, біреу...» деп жауап қайырды. Мұны естігенде біздің де көңіліміз алаңдап, алаңдағы бейбіт шеруге қосылдық та кеттік.
Жиналған жұрт патриоттық әндерді шырқап, өз талаптарын айтып ұрандатып жатты. Бірақ жастардың талабын естір құлақ болған жоқ. Біз түн ортасына дейін осылармен тұрдық та, сағат 11 шамасында такси ұстап, сол кездегі Киров көшесі 236–дағы жұмысшылар жатақханасына қайттық. Менің ағам, тәтем және құрбымның апайы сонда тұратын. Сол күнгі Алматының суығы әлі есімнен кетпейді. Дірдек қағып жатақханаға келгенде, вахтер ағай бізді әзер кіргізді. Ол кісілер де сол күнгі оқиғадан хабардар екен: «Жап-жас баласыңдар, араласпандар ондайға» деп біраз ақылын айтты. Таңертең туысқандарымызға «сабаққа барамыз» дедік те, тура алаңға тарттық. Келсек, СХИ, ҚазМУ, Зооветиститут, Нархоздың (апайдың өз сөземен алдық) студенттері «Әр ұлттың өз жетекшісі болуы керек!», «Әр халықтың өз көсемі болуы керек», «Қазақстанға қазақ басшы керек!» деген плакаттар ұстап, сонымен қатар, «Колбин кетсін!» деп ұрандатып тұр екен. Соларға қосылдықта кеттік. Ойымызда еш жамандық жоқ. Сол кездегі Брежнев алаңындағы шеру қанды оқиғаға айналады деп мүлде ойлағанымыз жоқ.
«Атамекен», «Менің Қазақстаным» әндерін шырқаған жастар өздеріне күш–қайрат беріп, дуылдасып тұрды. Жігіттер қыздарға қамқорлық танытса, қыздар жігіттерді қолдап, сүйемелдеп тұрды. Сол күні бірінші рет жазушы Софы Сматаев ағаны көрдім, жазушы ағамыз жастарға «қайтындар, айналайындар, босқа арандап қаласындар, мына әскерлер сендерді аямайды, БТР–лар, мұздай қаруланған орыс әскерлері келіп жатыр. Естір құлақ болса, кешеден бері келер еді ғой» деп ақылын айтты. Бірақ жастар оған тоқтаған жоқ.
Ызғырық қалтыратып барады. Тоңып, бір жағы қарнымыз ашып, жаурап та тұрмыз. Бірақ ешкім кері қайтқан жоқ, бір уақытта қоршап тұрған солдаттар бізге су шашып, қастарында ұрандатып тұрған жастарды ұрып – соға бастады. Алаң опыр – топыр болды да кетті. Мен арқамнан тиген қатты соққыдан ұшып түстім. Еңбектеп тұра алмай жатқан мені әлдекімдер тұрғызбақ болғанда, пальтомның жағасы дар етіп айырылып кетті. Сол кезде папаха киген бір ер адам « қызым, мына жаққа қарай жүгір» деп шақырды. Салтанат екеуміз солай қарай тұра жүгірдік, артымызда иттер абалап, бізді қуып келеді. Біз сол екпінмен 28 панфиловшылар паркінен бір-ақ шықтық. Айналып «Саяхат» автовокзалына барсақ, арт жағында бір есік ашық тұр екен, жығылып – сүрініп ішке еніп едік, іште бір орыс әйел еден жуып жүр екен, «О, Боже» деп қорқып кетті де, дереу селт етіп, «былай жүріндер» деп ымдады, сүйретіліп сол кісінің еден жуатын саймандары тұратын қуысқа кіріп кеттік. Жылы жер екен, трубаға су болған киімдерімізді жайып қойдық. Арқам удай ашып, басым мең – зең, Салтанат та оңбай таяқ жепті, аяғын уқалап отыр. Сол жерде ұйықтап қалыппыз. Таңертең ертемен апай оятты, «Тынышталды, солдаттар кетіп қалды, менен сұрады, «жоқ, көрмедім» деп айттым» деді. Орыс болған соң оның сөзіне сенген шығар. Бізге орыс апайдың үлкен көмегі тиді. Ол кісі автобусқа билет алып келді,таңғы 7:30 – да жолға шықтық.
Жол бойы тексеру. «Студентпіз, сабаққа бара жатырмыз» деп студенттік билеттерімізді көрсетеміз. Қазақ милиция жігіттері үндемейді, қазақша «абайлаңдар» деп күбірлеп қояды. Ол кезде қазақша сөз айтудың өзі ерлік еді. Аман – есен училищеге жеттік, келсек абыр – сабыр, тез арада тексеру басталып кетті.
36 «А» тобының кураторы Майра Валиевна біздің қайда барғанымызды сезді, білем, «Сендер қалаға ақша шешіп алуға бардыңдар, солай айтасыңдар» деді. Банктің сол бір жапырақ чегі құтқарды. 2 – 3 күннен кейін КГБ – дан адамдар келіп, сұрақтың астына алды. Кураторымыз араға түсіп аман қалдық. Жағасы жыртылған пальтоны қоқысқа тастадым. Содан бері аязы және ызғары денені қарыған сол бір желтоқсан айын еш ұмытқан емеспін. Жадымнан ешқашан кеткен емес.
Бізді қоршаудан шығарып жіберген, папаха киген адамның да кім екенін кейін білдік. Ол генерал М.Қалматаев екен. Ол кісімен кездесудің сәті түспеді. Ол ағамыз да марқұм болып кетіпті. Ал «Саяхат» автовокзалындағы орыс апайды неше рет іздеп бардым, жұмыстан кетіп қалыпты. Сол беті таба алмадым.
Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Күні кешеге дейін алаңда болғанымызды жасырып, елге айтудан қорқып жүрдік. Менің жастармен бірге алаңға шыққанымды ата – анам білген жоқ. Кейін фотомды көріп (алаңда тұрғанда фотоға түсіріп алған ғой) «сен бе?» дегенде, « жоқ» деп жалтарып жүрдім. Әбден қорқып қалғанбыз ғой. Қазір елордамызда бақытты тұрмыс кешіп жатырмын. Жылы жанұям, екі балам бар.
Желтоқсанға оқиғасы әлі толық бағалаңған жоқ. Меніңше, желтоқсаншыларға да саяси мәртебе беру керек. Арамызда әлі күнге дейін ақталмаған адамдар да бар. Бұл – тәуелсіз елімізге үлкен сын. Өйткені жастар алаңға қазақ елінің мүддесін қорғап шыққан жоқ па?!
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі