26 там, 2022 сағат 11:41

Смайылов Президент сынына қатысты пікірін білдірді


Премьер-министр Әлихан Смайылов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Президенттің сынына қатысты пікірін білдірді.

Президент Үкіметке берген кейбір тапсырмалары кешіктіріліп жататыны жайлы бірнеше рет айтқан болатын. Премьер-министр мұның себебін түсіндіріп берді.

"Айта кету керек, жылдың басынан бері Мемлекет басшысы жаңа Үкіметке 200-ден аса тапсырма берсе, оның 130-ын аяқтадық. Қалғандары ұзақ мерзімді болғандықтан жүзеге асырылып жатыр, ал кейбіреулері заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді. Кез келген шешім халықаралық тәжірибені ескере отырып сарапшылардың әзірлеуін, азаматтардың жобаларды көріп, өз пікірін немесе ұсыныстарын бере алатындай қоғаммен келісуін талап етеді. Біз "Атамекен" ҰКП арқылы бизнес-қоғамдастықтың мақұлдауын алуымыз керек", - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы тез қабылданған шешім еліміздің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін де айтты.

"Онсыз да шешім қабылдасақ, қысқа мерзімде оң нәтижелерге қолжеткізерміз. Бірақ біз стратегиялық тұрғыдан ұзақ мерзімді перспективада ұтылуымыз мүмкін. Бұл еліміздің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін", - деді ол.

Сонымен қатар, Смайылов қазір шешім қабылдау мерзімін оңтайландырып жатқанын да айтты.

"Атап айтқанда, заңдарды қабылдау немесе заңнамаға өзгерістер енгізу мерзімдері. Бұрын алты айға жуық уақыт кетсе, қазір мерзімдер үш айға дейін қысқартылды. Бюджеттік процедуралар қазірдің өзінде екі есе қысқарды. Президенттің дебюрократизация бойынша тапсырмалары аясында шешім қабылдау уақытын айтарлықтай қысқарттық. Барлық шешімдеріміз теңдестірілген, негізделген және зерттелген болуы керек", - дейді Премьер-министр.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.