Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті атынан мемлекеттік органдар мен компаниялардың қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Жақсылық Ибрагимов пен Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері: бас инспектор Бақытжан Қуанышбаев, бас консультант Мадина Қалымова және бас сарапшы Гүлден Бейсенбина, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Премьер-Министр кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесін ел игілігіне арнап келе жатқан марапат иелерінің күнделікті еңбегінің маңыздылығын атап өтті.
«Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Бұл – халқымыз үшін азаттық пен тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың мерекесі. Республика күні мерекесі қарсаңында Президенттің атынан Сіздерге мемлекеттік наградаларды тапсыру міндеті маған жүктелді. Бүгінгі марапатты Мемлекет басшысының Сіздердің ел алдындағы еңбектеріңізге деген жоғары сенімі деп қабылдаңыздар», — деді Әлихан Смайылов.