18 қаң, 2022 сағат 11:51

Смайылов өңір әкімдеріне үстеме және шекті бағаға бақылауды күшейтуді тапсырды


Өңір әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтуі тиіс. Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осыны тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін айтылған ұсыныстарды жалпы қолдаймын. Дегенмен мемлекеттік органдар басшыларының назарын бірқатар мәселеге аударғым келеді. Бірінші, Бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы іс-шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, екіншіден, өңірлердің әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтуі тиіс.

«Үшіншіден, Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтасын. Бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді беру үшін Сауда министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселесін шешу қажет», - деді Премьер-Министр.