Негізгі басымдық – ішкі нарықты, кәсіпорындарды газдандыру. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент энергетикалық дағдарысты болдырмаудың негізгі міндеті ретінде тауарлық және сұйытылған газ өндірісін ұлғайту қажеттігін айқындады. Негізгі басымдық – ішкі нарықты, кәсіпорындарды газдандыру. Сондықтан ресурстық базаны ұлғайту мәселесі өте өзекті болмақ», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, ол үшін инвесторларға қажетті экономикалық ынталандырулар көзделуі тиіс.
«Мемлекет басшысы мұнай-газ жобалары үшін Жақсартылған моделдік келісімшарт пен Арнайы инвестициялық келісімді әзірлеу арқылы осындай ынталандыруларды енгізуді тапсырған болатын. Сондықтан Энергетика министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы және Әділет министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде Үкіметке заңнамалық түзетулердің тиісті пакетін енгізуді тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов.