Фото:elements.envato.com
Премьер-министр Әлихан Смайылов жемқор шенеуніктерден тәркіленген ақшаның мектеп салуға жұмсалатын қаражаты туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сенатта журналистер сауалдарына жауап берген Премьер-министр сыбайлас жемқорлықтан алынған ақша үшін Қаржы министрлігінде арнайы шот көзделгенін атап өтті.
"Ақша Қаржы министрлігінің арнайы шотына түседі және түсіп жатыр. Қазірдің өзінде 50 миллиард теңге түсті. Жақын арада бұл сома 100 миллиард теңгеге дейін өседі деп күтеміз. Олар әсіресе орын тапшылығы және үш ауысымда оқытатын, апатты жағдайлары бар мектептерге, өңірлерде қосымша оқушы орындарымен қамтамасыз ету мақсатында мектептер және қосымша ғимараттар салуға бағытталады", - деп түсіндірді Смайылов.
Оның айтуынша, қазір Оқу-ағарту министрлігі тиісті құжаттаманы дайындап жатыр. Бұл ретте Премьер-министр қаржыландыру бюджетке салынған қаражатқа қосымша жүзеге асырылатынын атап өтті.