08 шіл, 2022 сағат 22:06

Смайылов Қарағанды облысын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді


Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Кеңесте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов, оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова баяндама жасады.

Премьер-Министр соңғы уақытта Қарағанды облысында өрт және судағы жазатайым оқиғалармен, сондай-ақ кәсіпорындардағы оқиғалармен байланысты төтенше жағдайлар жиілеп кеткенін атап өтті.

«Төтенше жағдайлар министрлігі облыс әкімдігімен бірлесіп, өңірдегі қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын», — деп тапсырды Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы 2022 жылы Қарағанды облысын дамытуға 176 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылғанын еске салды. Сонымен қатар республикалық бюджетті нақтылау аясында өңірге қосымша 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Бұл шығыстар инженерлік инфрақұрылымды және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға және өңірдің әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталған. Әкімдік сапалы нәтижеге қол жеткізуді, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мен тиімді игерілуін қамтамасыз етуі қажет», — деді Премьер-Министр. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігін еске салды.

Осыған байланысты Үкімет басшысы үстеме бағаларды бақылауды күшейтуді және «айналым схемасын», оңтүстік өңірлер мен таяу шетел фермерлерімен тікелей шарттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттарды қоса алғанда, қолжетімді нарықтық тетіктерді белсенді қолдануды тапсырды.

Премьер-Министр өңір экономикасын әртараптандырудың ең өзекті мәселе екенін атап өтті.

Осы мақсатта биыл жеке инвестициялар есебінен 222 млрд теңгеге жуық сомаға 12 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ 874 млрд теңгеден астам сомаға тағы 34 жоба пысықталып жатыр.


«Бұл жобалар агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, металлургия, энергетика, құрылыс индустриясы және қағаз өнеркәсібі сияқты салаларда іске асырылады. Облыс әкімдігі барлық жобаларды мерзімінде іске қосып, сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етуі қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен әкімдікке тағы да бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, жолдардың нормативтік жағдайын жақсарту, Жезқазған-Қарағанды автожолының учаскесін реконструкциялау бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарын кезең-кезеңімен бастау, сондай-ақ Қарағанды қаласының тұрғын үй алаптарын жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу жобасын аяқтау бойынша ұсыныстар енгізу керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Атамекен» палатасымен және Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, аралас жауапкершілікті қолдану кезінде қызметкердің кінәсінің ең жоғары шегін белгілеу бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеу және жазатайым оқиғалар жөніндегі заңнаманы жетілдіру бойынша тәсілдерді әзірлеу тапсырылды.

Қарағанды облысының әкімдігіне Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, 2022 жылдың соңына дейін мектепке дейінгі білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыра отырып, 14 балабақшаны пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды.

«Біз күш біріктіре отырып, Қарағанды облысының дамуына атсалысуымыз керек. Халықтың әл-ауқатының артуы, өмір сүру сапасының жақсаруы осыған тікелей байланысты», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қарағандыда түрлі бағыттағы digital-мамандарды оқытатын «Терриконовая долина» IT-Hub-на барды.

«Бүгінде мемлекет IT-компанияларға көптеген преференциялар ұсынады және бизнес-инкубациялаудың түрлі бағдарламаларын жүргізеді. Бұл – елімізде, оның ішінде жастар арасында технологиялық кәсіпкерліктің экожүйесін қалыптастыру бойынша маңызды қадамдар. Осы бағыттағы жұмысты барлық өңірде жеке серіктестермен бірлесіп жалғастыру қажет», — деді Үкімет басшысы.