Фото: pixabay
Солтүстік Қазақстан облысында абайсызда адам өлтіру дерегіне қатысты бұрынғы учаскелік инспектор ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Облыс прокуратурасы мәліметінше, 11 шілдеде Жамбыл аудандық ауруханасында Бауман ауылының 51 жастағы тұрғыны оқ жарақатынан қаза болған.
"Жәбірленушінің 65 жастағы ауылдасы ұсталды, оның әрекеті "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет" және "Заңсыз атыс қаруын сақтау" баптары бойынша сарапталған", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 370-бабы 4-бөлігі "Қызметтегі әрекетсіздік" бойынша Жамбыл ауданы, Озерное ауылы учаскелік полиция бөлімінің бұрынғы учаскелік инспекторы қылмыстық теріс қылық жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Алдын ала анықталған мәлімет бойынша, күдікті полиция қызметкері бола отырып, қылмыс жасаған адамның жанында бола тұра қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кіретін әрекеттерді жасамаған", - деді прокуратура өкілдері.
Облыс полицейлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, тергеу нәтижелері бойынша күдіктілердің іс-әрекеттеріне қорытынды сараптаулар беріледі.
Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында орманда жидек теріп жүрген әйел оққа ұшқан болатын. 51 жастағы тұрғынды аң аулауға шыққан азамат байқамай атып тастағаны хабарланған еді.