ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысындағы «СҚ-Фармация» қоймасында бірқатар бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«СҚ-Фармация» ЖШС-нің Ақтөбедегі қоймасы батыс өңіріндегі облыстар үшін маңызды нысан. Мұндағы қойма 4 облысты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі тиіс.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов және агенттік жанындағы Республикалық арнайы мониторингілік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов өңірге жұмыс сапарымен келіп, мониторинг жүргізді.
Тексеру кезінде «СҚ-Фармация» вирусқа қарсы «Авифавир» препаратының сатып алынуына қатысты нақты мәлімет бере алмады. Онымен қоса, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің филиал өкілі Нұрлан Жұбанышев көптеген дәрі-дәрмек ауруханаларға жеткізіліп қойғанын айтқанымен, соңғы партиялар қайда және қандай мөлшерде жеткізілгені туралы сұраққа жауап беруден қиналған.
Осыдан кейін батыстың 4 өңірі – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарына қажетті екі айлық дәрі қорының жасақталғанынан қатысты күмән туындаған.
«Жұмыс тобы алдымен Ақтөбе медицина орталығына барды. Медицина орталығының қоймасын көріп, дәрі-дәрмек қорының жағдайымен танысты. Негізінен «СҚ – Фармация» серіктестігінен сатып алған 37 түрлі дәрі барлық аурухананың қоймасында болуы қажет. Алайда, мониторинг барысында медицина орталығының қоймасында 8 түрлі дәрі табылмады. Атап айтсак, Цефтазидим, Имипинем, Фамотидин, Магния сульфат, Ибупрофен, Тоцилизумаб, Хлоропирамин, моксифлоксацин», - деді «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметінен.
Ал Облыстық инфекциялық ауруханасының дәрілер қоймасынан 37 атаудың 6 түрі анықталмады. Нақтырақ айтқанда, Надропарин, Фамотидин, Допамин, Амоксициллин, Эноксапарин, Тоцилизумаб.
Ақтөбе облыстық фтизиопульмонология орталығының қоймасында 37 атаудың 2 түрі жоқ болып шықты. Олар: Ремдесивир және Тоцилизумаб препараттары.
Қарғалы қалалық ауруханасының қоймасында дәрі-дәрмектердің 9 түрі жоқ. Олар: Цефуроксим, Имипенем-Циластатин, Надропарин, Хлоропирамин, Ванкомицин, Дексмедетомидин, Моксифлоксацин, Ремдесивир, Тоцилизумаб.
Айта кетейік, биылғы 19 қазанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен аппарат кеңесінде «СҚ-Фармация» Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев коронавирустың екінші толқынына толық дайын екендіктерін және қажетті дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталғанын мәлім еткен болатын. Е.Есқалиев өз сөзінде 5,9 млрд теңгеге 37 түрлі атау бойынша дәрі-дәрмек сатып алынғанын айтты. Дәл сол жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Алик Шпекбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша коронавирустың екінші толқынына дайындық дәрежесін анықтауға бағытталған қоғамдық бақылау жүргізілетіндігін жеткізген еді.
«Еске салайық, коронавирустың алғашқы толқыны кезінде Антикор қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірге 2500-ден астам дәріханада Covid-19-ға қарсы дәрі-дәрмектердің болуын және осы дәрілердің бағаларының шекті бағадан аспауын тексерді. 400-ге жуық қоймада мониторинг жүргізілді, сонымен қатар «СҚ-Фармацияның» Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларындағы 4 негізгі хабы тексерілді», - делінген хабарламада.