04 там, 2021 сағат 16:25

"СҚ-Фармация" ісі: Берік Шәріпке қатысты сот үкімі шықты


"СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты үкім шығарды.

Шәріп екі бап бойынша айыпталған:

  • ҚР ҚК-ның 361-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы "Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану";
  • ҚР ҚК-ның 287-бабы 2-бөлігі "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру".

Прокурор Дастан Купербаев соттан "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы үшін бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Судья оны қамаудан босатып, айыппұл салуға шешім шығарды.

"Берік Шәріп 287-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын және 1000 АЕК айыппұл тағайындалсын, 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмағаны үшін ақталсын. Айыппұл түріндегі жаза мерзіміне қамауда отырған кезеңі есептелсін", - деді судья.

Айта кетейік, бұған дейін "СҚ-Фармацияның" бұрынғы басшысы Берік Шәріп сотта соңғы сөзін айтқан болатын. Ол бүкіл денсаулық сақтау саласы мен ел үшін өте қиын уақытта жауапкершілікті өз мойнына алып, шешім қабылдағанын және сол үшін 11 жарым айдан аса уақыт бойы тергеу изоляторында отырғанын айтқан еді.