Сириядан қайтарылған адамдардың лаңкестік қылмыстарға қатысы барлары жазаға тартылады. Бұл туралы «Жусан-2» операциясына қатысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«7-9 мамырда әскери қақтығыс болған аймақтардан 231 қазақстандық елге қайтарылды. Олардың ішінде 16 ер адам, 59 әйел және 156 бала бар. Бұл гуманитарлық операция біріншіден қарулы шиеленіс аумақтарында болған біздің азаматтарымызды құтқаруға, сондай-ақ олардың балаларына Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде бейбіт өмір сүруге мүмкіндік беруді көздеді», - деп тоқталды Е. Ашықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, аталған адамдардың арасында лаңкестік қылмыстарға қатысы барлар жазаға тартылады.
«Лаңкестік іс-қимылдарға және заңсыз жауынгерлік әрекеттерге қатысқандарға тоқталсақ, қылмыстарға қатыстылығы дәлелденген жағдайда, олар ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл гуманитарлық операция АҚШ-тың қолдауымен жүзеге асырылды, сондай-ақ бұл жобада Сирия демократиялық күштерінің маңызды рөлін атап өткен жөн», - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, Сириядан қайтарылған адамдардың біразы төлқұжаттарын жоғалтып алған.
«Қазақстандықтардың бірқатары өздерінің төлқұжаттарын жоғалтқан. Балалардың басым бөлігі бұдан бұрын ИЛИМ/ДАИШ бақылауындағы аймақтарды туған болатын. Сыртқы істер министрлігі және шет елдердегі мекемелер операция барысында консулдық -құқықтық әрі логистикалық қолдау көрсетті», - деді Е. Ашықбаев.
Оның сөзіне қарағанда, ҚР СІМ және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бүкіл жұмысты мүдделі орталық және жергілікті меморгандар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз үйлестіру арқылы өткізді.
«Енді дерадикализациялау және сауықтыру мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, қайтып келген әйелдер мен балаларды бейімдеу әрі қайта әлеуметтендіру кезеңі басталып отыр», - деді министрдің орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.
«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.