Фото: ҚР СІМ
Қажылыққа барған жүздеген қазақстандықты полиция ұстады. Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жидда қаласына барған қазақстандықтар бас консулға хабарласып, полицияда отырғанын жеткізген.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, ұсталған жерлестеріміздің қолында қажылыққа рұқсат беретін виза болмаған. Барлығы бір компанияға алданып, туристік визамен барған. Онымен қажылық жасауға болмайды.
"Бас консул өз әріптестерімен бірге полиция учаскесіне барып, қазақстандықтарды қонақ үйге босатуға ықпал еткен. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол компания Сауд Арабиясына 300-ден астам қазақстандықты туристік визамен алып келген. Полицияда жүзден астам адам болды", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандықтарды полиция учаскесінен бірнеше автобуспен қонақ үйге алып барған. Түсіндіру жұмыстарынан кейін бір бөлігі заңға бағынып, қажылықты тоқтатуға келіскен. Тіпті, өз ақшасына қайтып кеткендер бар. Алайда заңға бағынбайтындар да табылған. Олар полициядан шыққаннан кейін автобусты тоқтатып, белгісіз бағытта кетіп қалған.
"Біз олардың қайда жүргенін білмейміз. Қажылықты жалғастырып жатқан шығар", - деп атап өтті Смадияров.
Туристік компанияның басшысы да Сауд Арабиясында жүр. Олар 7-8 маусымға дейін 306 адамды елге қайтаруды жоспарлап отыр.