Фото: gov.kz
Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Украинадағы елшілігі қызметкерлерін эвакуациялау мәселесін талқылап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазір Украинада Қазақстанның қанша азаматы бар екені туралы ақпаратты тексеріп жатырмыз, өйткені соңғы оқиғаларға байланысты бұл көрсеткіш әртүрлі. Өздеріңіз көрдіңіздер, кеше оларға осы жағдайда қандай да бір көмек көрсету туралы Украинадағы елшілігіміздің хабарламасы жарияланды. Алғашқы эвакуация кезінде көп адам кетіп қалды, мүмкін кейбіреуі қайтып барған шығар, сондықтан мен дәл қазір нақты санды айта алмаймын", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігі қазір жұмысын жалғастырып жатыр.
"Қазір мәселе елшілікті жабу туралы емес, мәселе елшілік қызметкерлерін эвакуациялау туралы болып отыр. Бұл мәселе жақын күндері шешіледі. Толық эвакуация болуы әбден мүмкін", - деп қосты ол.