08 ақп, 2022 сағат 21:30

СІМ мен Human Rights Watch «Қасіретті қаңтар» оқиғаларын тергеу бойынша диалогты бастады


Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Кеннет Ротпен бейнеконференция форматында кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар Қазақстандағы «Қасіретті қаңтар» оқиғалары аясында адам құқықтары саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау мәселелерін талқылады. 

«Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттің құқық қорғау органдары қарулы тәртіпсіздіктерге еліміздің заңнамасына сәйкес бейтарап тергеу жүргізуді толық қамтамасыз етуі тиіс», - деді Сыртқы істер министрі.


Өз кезегінде К. Рот «біз Қазақстан билігінің диалог пен ынтымақтастыққа ашықтығын және адам құқықтарының халықаралық стандарттарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін растауын құптаймыз», - деп атап өтті.

Кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Human Rights Watch ұйымының қаңтар оқиғаларын объективті тергеуге мүдделі екені атап өтілді. М.Тілеуберді қазақстандық тергеу органдары азаматтарымыз бен халықаралық қауымдастықты алаңдатып отырған әрбір нақты жағдайды қарастыруға дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша адам құқықтарын сақтау мәселелері жөнінде жұмыс байланыстары мен мазмұнды диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.