Қазақстан СІМ өкілі Лондондағы Әзербайжан елшілігіне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Биыл 4 тамызда экстремистердің Лондондағы Әзербайжан Республикасының елшілігіне шабуылына байланысты дипломатиялық өкілдіктер мен олардың қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі қабылданбайды деп санаймыз.
Халықаралық құқықтың негіздері мен нормаларын бұзудың осындай актілері жалпыға бірдей айыпталуға жатады және олардың ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тарту мақсатында мұқият тергеуді талап етеді.
Біз әзербайжан халқының төзімділігіне сенімдіміз және бауырлас мемлекет үшін қиын жағдайларда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді білдіреміз.
Еске салайық, елшілік ғимаратына басып кірген экстремистер діни жалауларын көтеріп, діни ұрандарын айтқан болатын. Полиция топ мүшелерін ғимараттан шығарып, ұстады. Шабуыл 4 тамызда болған еді.