17 қар, 2022 сағат 14:37

СІМ "Қазақ қыздарын сындыру" курсын өткізбек болған ресейліктің сөзін тексереді


"Қазақ қыздарын сындыру" курсын өткізбек болған ресейлік Алекс Леслидің (Александр Кириллов) айтқан сөздерін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі тексереді. Бұл туралы СІМ орынбасары Роман Василенко айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz агенттігі.

Еліміздің сыртқы саяси ведомствосы Кирилловтың мәлімдемесін мұқият зерделеп, шаралар қабылдамақ.

"Мұндай жағдайда ол адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салудан бастап қай елдің азаматы болса, сол елдің шара қолдануына дейін барады. Менің түсінуімше, ол жауапсыз мәлімдемелер жасайтын "жеке" азамат. Сондықтан біз ол материалды зерттейміз, қажет шешім қабылданады", - деді министрдің орынбасары Сенат отырысынан кейін. 

Роман Василенко көрші елде 140 миллион адам тұратынын атап өтті.

"Егер олардың әрқайсы түрлі нәрсе айтса, біз оған пікір білдіруіміз қаншалық дұрыс? Ресей Федерациясының, өзге елдердің ресми ұстанымы бар. Ал біз өзге елдердің ресми ұстанымымен жұмыс істейміз", - дейді Василенко. 

Еске салайық, кеше, 16 қарашада "Қазақ қыздарын сындыру" курсын өткіземін деген ресейлікке Қазақстанға кіруге тыйым салынған болатын.