Тәуелсіз Қазақстан дипломатиялық қызметінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Сыртқы істер министрлігі ғимараты алдындағы алаңда болашақ дипломаттарға үндеу жазылған уақыт капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл капсуланы олардың әріптестері тура 30 жылдан кейін, ұлттық дипломатияның 60 жылдығы аталып өтілетін 2052 жылдың 1 шілдесінде ашуы керек.
Іс-шара барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді болашақ дипломаттар өздерінің ізашарларының жұмысын лайықты жалғастырып, еліміздің ұлттық мүдделерін қорғау мен ілгерілету жолында да аянбай тер төгетініне сенім білдірді.
Салтанатты шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген қазақ дипломатиясының құрметті ардагері, көрнекті мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов 30 жылдан кейін қазақ дипломатиясы бұдан да зор табыстарға жетіп, еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Капсуладағы болашақ дипломаттарға арналған үндеуде Қазақстанның 30 жылдағы әлемдегі ұстанымы, қазіргі дипломаттар мен Қазақстанның дипломатиялық қызметі ардагерлерінің қоштасу сөздері мен тілектері жазылған.
Арнайы орнатылған тұғырға капсуланы салу құрметті миссиясы жас дипломаттар – Еуропа департаментінің атташесі Алтынай Дәрібаева мен Адами ресурстар департаментінің атташесі Дамир Ахметовке жүктелді.
Салтанатты іс-шараға СІМ басшылығы, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлері, қазіргі дипломаттар және министрлікте ұйымдастырылған «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференциясының басқа да қатысушылары қатысты.