05 қыр, 2022 сағат 16:43

Си Цзиньпин Қазақстанға келеді


Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 14 қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланған. Сапар барысында мемлекет басшыларының екіжақты келіссөзі өтеді деп жоспарланып отыр", - деді Смадияров.

Сондай-ақ, ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылады.

Сапар мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге, Қазақстан мен Қытай арасында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

"Бұл сапар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғашқы шетелдік сапары болатынын атап өткен жөн", - деді СІМ өкілі.