04 мам, 2024 сағат 14:50

Шынайы оқиғаға негізделген фильм түсіру екі есе қиын – кинотанушы



«Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Набат операциясы» фильмінің  Астана және Алматы қалаларында жабық көрсетілімі өтті. Аталған фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» мен ІІМ қолдауымен түсірілген. Фильмнің қоюшы режиссері – Рашид Сүлейменов. Қоюшы-операторы – Ернұр Рыспаев. Сценарий авторлары – Ильхам Джалилов, Рашид Сүлейменов, Рустам Азаматов.


Көрерменге жол тартқан кино туынды шынайы оқиғаға негізделген.  1992 жылы кезеңдестіру кезінде қашып кеткен 6 тұтқынның әрекетін баяндайды. Олар Шиелі стансасы маңында қалааралық автобустың жолаушыларын кепілге алған. Оларды құтқару үшін қазақстандық мемлекеттік қауіпсіздік және құқықтық тәртіп органдарының ең үздік күштері жасақталды.

Ұзақ келіссөздерден кейін қарақшылар ұшақ талап еткен. Бірақ нақты жоспарланған операцияның нәтижесінде бар қылмыскердің көзі жойылып,  кепілге алынғандардың ешқайсысы зардап шекпеген. Бұл – бірде-бір адам жараланбаған операцияның санаулысы.

Атыс-шабыс көбірек болса да, «Набат операциясы» құқық қорғау орган қызметкерлерінің көзсіз батырлығы мен операция туралы емес. Бұл – тағдырдың жазуымен осы автобусқа тап болған қарапайым адамдардың өміріндегі 20 сағатқа созылған оқиға және адами қасиеттерінің айқын көрінісі. Басты рөлді «Жастар театрының» актері, көрерменге Міржақып образымен танылған Бақыт Қажыбаев сомдайды. Автобустың ішіндегі әрбір адамның өмірі тікелей осы кейіпкердің мойнында болды десек болады.

Фильм көрсетілімінен соң, кинотанушылар өз пікірлерін білдіріп еді. Таныса отырыңыздар.

Дана Әмірбекова: «Набат операциясы» соңғы жылдары жарыққа шыққан жанрлық фильмдердің арасынан оқ бойы озып шыққан сәтті туынды. Кез келген жанрлық кинотуындының түп негізі – драматургия. Фильмнің сценарийі жанр қағидатын сақтаған, режиссерлік тұрғыда шебер орындалған, стильдік бірізділік бар, бейнелік қатар мен мазмұны бірін бірі толықтыра түсетін, монтажы кәсіби тұрғыда өте білікті, бас-аяғы  жұмыр фильм. 
Фильм өмірде болған оқиғаның негізінде түсірілгендіктен, көркемдік тұрғыда шынайы шыққаны көрерменді ерекше қуантты. Туындыны көре отырып тоқсаныншы жылдар көз алдымызға келіп, сол дәуірдің тынысын тереңінен сезініп, өткен ғасырдың соңына ойша барып қайтқандай сезімде болдық. Бұл әрине фильмнің суретшісі Олжас Әлменовтің ерекше кірпияздықпен атқарған еңбегінің жемісі. 
 
Сондай-ақ, фильмдегі Бақыт Қажыбаев бастаған актерлік ансамбль де тамаша. Сәтті түзілген типаждар, мінездері тереңінен ашылған кейіпкерлер, шебер актерлік ойын. Экспрессияға берілген, эмоцияға толы сахналар бұл фильмнің кемшілігі емес, жанрдың табиғатын сақтау үшін қақтығыстарды тереңдетіп, жүрек соғысын жиілету үшін қажет шешімдер. Кішкентай адамдарды дәріптейтін, ұлтымыздың рухын көтеріп, отанға деген махаббатымызды арттыратын бұндай фильмдер ауадай қажет! 

 

Әлімақын Жанболат: Ел рухы деген тіркес бар. Біз үшін заманауи отандық кино өнімдердің ең басты рөлі халықтың рухани әлемін байыту, еңсесін көтеру, жігерін шыңдау. Күні кеше тұсауы кесілген  жаңа фильм осы сөзімізге дәлел бола алатындай.  Фильм 1990 жылдардың басында Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында болған ерекше қылмыстық оқиға негізінде түсірілген болатын. Тарихта «Набат» операциясы деген атпен танымал болған, тұтқыннан қашқан аса ауыр қылмыс жасаған қандықол қарақшыларды құрықтау шарасы фильмде шынайы және кісіби түрде көрініс табады.

Тарихи дерекке негізделген оқиғаны экранда көрсетудің сан-алан көркемдік тәсілдері бар. Режиссер  бұл фильмде құрықтау операциясына жетекшілік еткен командирдің бойындағы кәсіби һәм гуманистік қасиеттерді көрсетуді басты мақсат еткені бірден байқалады. Иә, біз ұлт ретінде бодандық пен езгінің қасіретін аяусыз шеккен халықпыз. Еңсеміз түсіп, тауымыз шағылып, төл құндылықтардан ажырап қалуға шақ қалып тәуелсіздікке жеткен тұста ұлттың заманауи батырларын, тұлғаларын көркемдік деңгейде насихаттау қазіргі қазақ киносының бір мақсаты болуы шарт. Фильм осындау мақсаттан туғаны бірден аңғарылады.

Қазақстан қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғаушылардың ерлік істерін жоғары кәсіби тұрғыда, аса шебер экран тілі арқылы көрсеткен фильмдер бізде жоқтың қасы дерлік. Фильм тақырыптық тұрғыдан да, көркемдік сапасы жағынан да ең жоғары талаптарға жауап бере алады. Кез-келген кино туынды ең бірінші қалың көпшілікке бағытталып түсірілетінін ескерсек, аталған картина қоғамның дәл қазіргі рухани сұранысына жауап бере алатын дүние деп айтар едік.

 

Нұргүл Абдолла: Аталмыш фильм көптеген көрерменнің және кинотанушылардың көңілінен шықты деп үлкен сеніммен айта аламын. Бізге осындай қаһарман кейіпкерлер қажет. Біздің заманауи қазақ киносында “Ер азамат” бейнесі өмірге келген сияқты. Фильмді көріп отырып, басты кейіпкердің өз отбасына ғана емес, қылмыскерлердің тұтқынына түскен әрбір жанға әке бола білгенін байқадық. Біз, кинотанушылар қазіргі қазақ кино өнеріне “Әке” бейнесінің келгенін ұзақ күттік және біздің сенімімізді ақтады деген ойдамын. 

 

 Айжан Ізімова: Шынайы оқиғаға негізделген фильм түсіру екі есе қиындау. Себебі онда көрермен алдындағы жауапкершілікпен қоса, оқиға мен тарих алдындағы жауапкершілік бар. Операцияны жүзеге асыру үшін 4 секундқа қана мүмкіндік болған. Бір-ақ сәт. Фильм оқиғаның атмосферасын толыққанды жеткізе алды. Тағы бір айта кететін жайт, актерлік құрамның сәтті таңдалуы. Таңдап алған актерлер бас кейіпкерлердің образын жоғары деңгейде сомдап шыққан. Глухов рөліндегі Алексей Шемес қауіпті лаңкес екеніне сенесің. Дауенов Марат рөліндегі Бақыт Қажыбаевтың образды ашудағы, кейіпкер психологиясын зерттеудегі ізденісі байқалады. Актердің шығармашылық қоржынында осыған ұқсас “Пленники” деп аталатын веб-сериал бар. Барлығы толықтай ұқсамағанымен, құқық қорғау органының қызметкері болуы және отбасындағы мәселелері ұқсайды. Дегенмен де, екі образды біріктіруден, ұқсас қылықтар жасаудан қашқан. Өзі үшін ғана өмір сүретін адам бақытты бола алмайды. Фильмнің бас кейіпкерінің өмірлік дивизі осы. Осыны айта отырып, өз өміріне анализ жасағаны, шын мәнінде отбасы үшін, ауырып жатқан ұлы үшін ештеңе жасай алмай жатқаны екінші линияда жүріп отырады. Бір жағында ұлының тағдыры, екінші жағында халқының тағдыры. Бас кейіпкерді осындай қиын таңдаудың алдына қояды. Режиссердің көркемдік шешімімен ол ерлік жасауды таңдайды. Екінші линияда әрбір адам үшін маңызды отбасы тақырыбын, әке рөлін қатар бергендіктен, уайымдап отырасың. Тарихи-экшн жанрында түсірілген фильмді бір деммен көріп шықтық. Себебі, әскери дайындық пен іс-әреттерден бөлек, отбасылық тақырып параллель жүреді. Жүрекке жеткен де осы сәт. Автобус ішіндегі лаңкестердің қолындағы жолаушылар тағдыры үшін бір, ауруханада өмірі үшін күресіп жатқан бас кейіпкердің баласы үшін екі мәрте уайымдап отырасың. 

Әрбір көрермен көруге тиіс фильм деп ойлаймын. Себебі, тарихи факт, болған оқиға ізімен. Осындай оқиғаның болғанын, үлкен қауіптен бірнеше адамның өмірін аман алып қалған, ұлттың абыройын асқақтатқан қаһарманы бар екенін халық білуі керек. Фильм көрермендерге тек қана болған оқиғаны баяндап қана емес, батырлық сезімі мен ұлттық рухын оятып, керемет әсер береді деп үміттенемін. Арзан күлкіге құрылған, мәні жоқ комедияларға қарағанда, осындай көркем фильмдердің касса жинағаны құп болар еді.

 

                                                                Эльенора Әмір