25 қар, 2022 сағат 14:18

Шымкентте өзіне қол жұмсамақ болған жігіт құтқарылды


Шымкентте көпірден секіруге оқталған 19 жастағы жігіт құтқарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Оқиға 23 қараша сағат 21.30 шамасында болған. Қала тыныштығын қадағалап жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары ажалға араша түсті.

19 жастағы жігіт Темірлан тас жолы мен Мангельдин көшесінің қиылысында орналасқан көпірден секіруге оқталған. Байланыс құралдары арқылы шұғыл ақпарат алған 6506 әскери бөлімінің жасақтар бойынша кезекшісі аға лейтенант Сержан Сағынбек бірден шара қолданады. Ол дереу қарамағындағы жауынгерлер - ефрейтор Нұрдәулет Оразбаев және қатардағы Виталий Кочетковпен бірлесіп, хабарламада көрсетілген мекенжайға келіп жетеді.

"Ақпартта айтылған жерге келсек, расымен де жас жігіт көпірден өзін-өзі тастауға дайын тұр екен. Бірден оған бет алып, райынан қайтаруға тырыстық. Ол “Өмір сүргім келмейді”, “Өлгім келеді” деп айқайлап жатты. Ептеп көпір қоршауының бергі жағына өткіздік", – дейді аға лейтенант Сержан Сағынбек.

Жедел әрі кәсіби түрде әрекет еткен әскери қызметшілер жас жігітпен жақынырақ сөйлесіп, бұл ниетінің дұрыс еместігін түсіндірген. Сол маңда жүрген азаматтар да жігітті бұл әрекетінен бас тартуға шақырған.

Екі ойлы тұрған жігіт сәл тынышталғанда, ұландықтар мен жолаушылар оны ұзақтау жерге алып кетеді. Кейін оқиға орнына келген құқық қорғау қызметкерлеріне тапсырған.

Ал, тәртіп сақшылары істің мән-жайын анықтау мақсатында 2003 жылы туған азаматты Абай ауданының полиция басқармасына алып кеткен.