видео кадрлары
Шымкенттегі даулы оқиғаның екінші қатысушысы - Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Елқонды қызметінен босатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Шенеунікке кеше «қатаң сөгіс» жарияланған еді. Ал бүгін өз еркімен жұмыстан кеткені белгілі болды.
«Д.Елқонды «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшылығы тарапынан қажет болған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру жүргізу арқылы қолданылған тәртіптік жазаның жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкестігі тұрғысынан зерделеу қажеттігі туралы тапсырма берілді. Алайда қазіргі уақытта Д.Елқонды өзінің өтініші негізінде атқаратын лауазымынан босатылған. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, оған мемлекеттік қызметті өз еркімен тоқтатуға кедергілер болмаған» - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан.
Еске салсақ, Шымкенттегі гүл дүкенінде белгісіз ер адам сатушыны соққыға жығып, гүл шоғын ашықтан-ашық тартып алып кеткен болатын. Кейін ІІМ оның ішкі істер саласының бұрынғы қызметкері екенін, 19 мамырда отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан босатылғанын хабарлады. Ал гүл дүкеніндегі оқиға 8 мамырда болған.