Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті интенсивті алма бақтарын құруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтағаны туралы, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомство мәліметінше, «Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру» бағдарламасы аясында жобалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыландырылған. Бағдарламаның мақсаты – дайын инфрақұрылымы бар жерлерді кәсіпкерлерге лизингке беру болған.
Тергеу барысында Қордың бұрынғы басқарма төрағасы Ж.Д. Омаровтың өзіне қарасты тұлғалар мен ұйымдарды, оның ішінде «Green Mart Kazakhstan» ЖШС-ін тарта отырып, бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Сатып алу рәсімдері заң талаптарын бұза отырып, негізінен бір көзден жүргізілген, нәтижесінде жабдықтар мен құрылыс жұмыстарының құны жасанды түрде өсіріліп, кейбір жұмыстар мүлде орындалмаған.
Соған қарамастан, жалған қабылдау-тапсыру актілері рәсімделіп, сол арқылы бюджет қаражаты аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 430 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіпті қолдау аясында бөлінген инвестициялық субсидияларды заңсыз алу деректері де тіркелген. Ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы берілген өтінімдер негізінде 327 млн теңгеден астам қаражат аударылғанымен, оның тек шамамен 20%-ы ғана мақсатты түрде жұмсалған. Қалған 250 млн теңгеден астам қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған.
Сот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын, құны 1 млрд теңгеден асатын жер телімдеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д. Омаров қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетейік, осы іс аясында бұған дейін Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен «Green Mart Kazakhstan» ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 4 автокөлік тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
