15 сәу, 2026 сағат 12:44

203 млн теңге: Түркістанда МӘМС қаржысын жымқырған клиникалар әшкереленді

Фото: dauletten.kz

Түркістан облысында прокуратура Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаражаттың заңсыз жұмсалу фактілерін анықтады. Тергеу барысында мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда жалған медициналық қызмет көрсетілгені белгілі болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Екі мемлекеттік мекеме бірлесіп жұмыс істеп, формалды түрде дәрігерлерді тіркеп, әйелдер мен балаларға 40 мың стоматологиялық қызмет көрсетілді деген жалған деректерді электронды базаға енгізген. Кей жағдайларда бір дәрігер бір күнде бірнеше емханада қатар «ем жүргізген» болып тіркелген.

Прокуратура мәліметінше, науқастардың бұл қызметтерге мүлде бармағаны анықталған. Тек стоматологиялық қызметтер бойынша келтірілген залал 203 млн теңгені құрады.

Тағы бір жағдайда жекеменшік клиникада лицензиясыз түрлі бейінді мамандардың атынан 28 мыңнан астам жалған консультация рәсімделіп, 91 млн теңге заңсыз алынған.

Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, материалдар сотқа жолданған. Кейбір эпизодтар бойынша келтірілген залал өтелгеннен кейін іс тоқтатылған.

Өңірде денсаулық сақтау саласындағы прокурорлық тексеру әлі де жалғасуда.