07 ақп, 2020 сағат 09:51

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің өкімімен шаһар басшысының орынбасары қызметіне Мақсұт Пернебайұлы Исахов тағайындалды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мақсұт Пернебайұлы 1974 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы - ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы, заңгер.

Еңбек жолын ішкі істер басқармасынан бастаған Мақсұт Пернебайұлы еліміздің бірқатар облыстарында кеден саласында, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында қызмет атқарған. Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, аталған қалада энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Бүгінгі күнге дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарып келген.