14 шіл, 2023 сағат 11:14

Шүменовке қатысты дау: Қырғызстан СІМ істі бақылауға алды

Фото: © AP Photo / Joe Coomber /

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Астанада қырғызстандықты соққыға жығу оқиғасы бойынша істі бақылауға алды. Бұл туралы аталған ведомство мәлім етті, деп хабарлайды Кабар агенттігі.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, 18 маусымда Астанадағы "MEGA Silk Way" сауда ойын-сауық орталығында Қырғызстан мен Қазақстан азаматы арасында жанжал туындаған. Салдарынан қырғызстандыққа күш қолданылған.

"2023 жылы 13 шілде күні жәбірленуші К.А. Қырғыз Республикасының Қазақcтандағы елшілігіне шақырылды. Елші Д.Дюшекеевпен болған кездесу кезінде қажетті құқықтық көмек ұсынылды. Қазіргі кезде осы оқиға бойынша Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қажетті процессуалдық шараларды атқарып жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауына алынды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін бокстан әлемнің экс-чемпионы Бейбіт Шүменов Астанадағы сауда орталығында баланы ұстап отырған ер адамды соққыға жыққаны хабарланған. Кейіннен спортшы жанжалға қатысты пікір білдірді.