Жамбыл облысының Шу ауданынының тұрғыны учаскелік полиция инспекторын пышақтап, қашып кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ағымдағы жылдың 8 маусымында түнгі сағат 22.50 шамасында Шу аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторының ұялы телефонына Шу қаласының 37 жастағы тұрғыны хабарласып, өзінің азаматтық некедегі күйеуі отбасылық жанжал шығарып жатқандығы туралы айтқан.
Шақырту бойынша келген учаскелік полиция инспекторына 27 жастағы жанжал шығарушы азамат бірнеше рет пышақ салып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Полиция қызметкері аудандық ауруханаға жатқызылды, оның денсаулығына қауіп жоқ.
«Аталған дерек бойынша «Сирена-1», «Тосқауыл» жоспарлары жарияланып, іздеу жұмыстарына Полиция департаменті және Шу, Қордай, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті Шу ауданының Алға ауылында қолға түсті, оның жеңіл дәрежедегі масаң күйде екендігі анықталды. Күдікті Шу аудандық уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», - деп жазды Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов фейсбук парақшасында.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-1-бабы 1-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.