Фото: Halyq Uni
Қазақстанның бас әскери прокуроры Дастан Секенов Шөлдаладағы сарбаздың өлімі бойынша сот үкіміне наразылық білдіретінін мәлімдеді, хабарлайды Sputnik Қазақстан.
24 тамызда Шымкент гарнизонының әскери сотында Жамбыл облысының "Шөлдала" шекара заставасындағы бөлімше командирі Айбек Нұртаевқа үкім шығарылды. Ол Қылмыстық кодекстің төрт бабымен айыпталды, бірақ ең ауыр екі бап – өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу және ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдалану бойынша ақталды.
Оның адвокаты Пірәлиевтің айтуынша, келісімшартпен қызмет атқарған командир "бопсалау", сондай-ақ екі сарбазды басынан ұрғаны үшін билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылған.
"Менің қорғалушым 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ бір жыл бұрын қамауға алынғанын ескеру керек. Бұл уақыт жаза мерзімінде бір жарым күн ретінде есептеледі. Яғни, қазіргі уақытта ол бір жарым жыл жазасын өтеген деп есептеледі. Үкімге біз шағымданамыз, бірақ ол заңды күшіне енсе де, ол бес айдан кейін шартты жаза бойынша шығады", - деді адвокат Пірәлиев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ал Қазақстанның бас әскери прокуратурасы сот үкімімен келіспейді. Қадағалаушы орган командир сарбазды өз-өзін өлтіруге дейін жеткізді деп санайды және осы бап бойынша соттауды талап етіп отыр.
"Үкім шығарылған кезде сарбаздың өз-өзіне қол салуына қатысты іс бөлек өндіріске шығарылды да, бізге жіберілді. Біз қазір ол үкімге наразылық келтіреміз, ол заңды күшіне енгеннен кейін тағы қараймыз. Біздің ойымызша, келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскери қызметші жасаған әрекетінің нәтижесінде Мираш өз-өзіне қол салды", - деді бас әскери прокурор Дастан Секенов бүгін журналистерге берген сұхбатында.
Командирдің кінәсі дәлелденсе, оны өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша соттайды. Жаза күшейтіледі.
Бекбол Мираштың өлімі
2022 жылдың тамызында Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираш суицид жасады.
Бастапқыда сарбаздың отбасына оның сүйіктісімен ұрысқаны туралы хабарланған. Алайда солдат қызға жазған хабарламаларында қорқып жүргенін айтқаны анықталды. Марқұм сарбаз бен қызының арасында жанжал болмаған.
Содан кейін оның өліміне сол заставаның бөлімше командирі күдікті ретінде танылып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдаланды деген айып тағылды.
Айыпталушының адвокаты Сержан Пірәлиев БАҚ алдында сөз сөйлеп, тергеу нәтижесімен келіспейтінін, тергеуде заң бұзылғанын айтып дабыл қақты.
Оның айтуынша, сот-медициналық сараптама қаза тапқан мерзімді сарбаздың іш киімі мен аузынан сперматозоид табылғанын анықтаған. Тергеу барысында тергеуші әскери қызметшіге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық нұсқасын қараудан бас тартты.