03 сәу, 2020 сағат 10:14

ШОБ субъектілері қандай салықтардан босатылды

Қазақстанда бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тақиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жағдайда Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдау үшін жедел шаралар қабылдап жатыр. Жаңа бастамалар бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруды, қосымша салықтық ынталандыруды іске асыруды, бизнесті тексерулерден шектеуді көздейді», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейін экономиканың түрлі секторларын қамтиды. 

«Мәселен, ірі сауда нысандары, сауда ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен спорттық нысандар, қоғамдық тамақтану, қонақүй мен туристік қызмет саласында жұмыс істейтін салық төлеушілер жылдың соңына дейін салықтан босатылды. Бұған қоса, Салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де жылдың соңына дейін жеке табыс салығынан босатылып отыр», - деді Мәди Тақиев. 

Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында ірі қара мен асыл тұқымды құсты қоса алғанда АӨК-тің биологиялық активтерін ипорттау барысында қосылған құн салығы салынбайды. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жер салығынан да босатылады. 

«Сонымен қатар баға өсімін жою үшін 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12-ден 8 пайызға дейін төмендетілді», деді ол.