Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері гашиштің аса ірі партиясын тасымалдаған екі ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары есірткі тасымалының жолын кесу мақсатында кезекті арнайы операция өткізді. Бұл жолы Жарма ауданына жеткізілмек болған есірткі заттарының аса ірі партиясы тәркіленді.
«Жамбыл облысының тұрғыны мен оның сыбайласы есірткіні оңтүстіктен автокөлікпен жеткізген. Кейін оны ауылдағы жастар арасында саудаламақ болды. Күдіктілерді ұстау «Қарасора-2021» республикалық жедел алдын алу шарасы аясында жүргізілген. Автокөлікті тінту барысында 8 келіден астам гашиш тәркіленді. Бұл бір жарым мыңнан астам дозаға тең», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Оның айтуынша, бүгінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Ішкі істер министрі айқындаған басым міндеттердің бірі. Сондықтан өңір полицейлері осы бағыттағы қалыптасқан жағдайды мұқият қадағалап, заңсыз әрекеттердің жолын кесуге тырысуда.
Екі ер адам сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.