06 там, 2021 сағат 15:42

ШҚО-да түрме маңына есірткі көмген ер адам жазаланды


Шығыс Қазақстан облысында қатаң тәртіптегі түзету мекемесінің маңында 90-ға жуық есірткі дозасын жерге көміп кеткен ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталушы Глубокое кентінде жабайы сораның бірнеше бұтасын жұлып алып, оны жеке пайдалану үшін кептірген. Есірткіні үш түрлі полиэтилен пакетке салған ер адам оны Өскемен қаласына алып келіп, қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесі маңына жасырды. Осылайша, ол 90-ға жуық дозаны жерге көмген. 

Полиция қызметкерлері ер адамды кезекті дозаны жасыру үшін жерді қазып жатқан кезде ұстады. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың «кептірілген марихуана» екендігі дәлелденді.

Өскемен қалалық сотының үкіміне сәйкес 40 жастағы айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту түрінде жаза тағайындалды. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

«Сотталған азамат пробацияға есепке қойылып, тұрғылықты жері бойынша қоғамдық жұмыстарды өтеу үшін жіберілді. Ер адамға автобус аялдамаларында қоқыс жәшіктерін тазалау бойынша жұмыс тағайындалды. Сонымен қатар пробация қызметкерлері оған қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, қамауға алынатындығы туралы түсіндірді», - деді Үлбі аудандық пробация қызметінің маманы Назгүл Батырханова.