Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасаған қаскөй ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға хабарласқан 92 жастағы кейуана пәтеріне терезе арқылы кірген белгісіз біреудің өзіне күш қолданып, ақша талап еткенін айтты.
«Белгілі болғандай, қарт кісі үйде жалғыз тұрады. Құлағы дұрыс естімейтіндіктен, қылмыскердің ішке кіргенін байқамай да қалған. Өзінің арам пиғылын жүзеге асырмақ болған ер адам зейнеткерді тұншықтырып, одан ақша талап ете бастайды. Сол кезде кейуана есінен танып қалған. Амалы құрыған қылмыскер ізін суытқан», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Хабар түсе салысымен оқиға орнына полиция қызметкерлері жетіп, іздеу жұмыстарына барлық жеке құрам жұмылдырылды.
«Осындай кезде әр минут қымбат. Өйткені шабуылдаушы алысқа ұзап, тіпті қала аумағынан шығып кетуі мүмкін еді. Алайда тәртіп сақшыларының жедел іс-әрекеттері нәтижесінде ол қолға түсті. Қазіргі уақытта сот санкциясымен күдікті қамауға алынған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Өз кезегінде қарт кісі мен оның көршілері полицейлерге қылмысты ашып, қаскөйді ұстағандары үшін алғыс білдірді.