Шығыс Қазақстан облысында 900-ден астам синтетикалық есірткі дозасы тәркіленіп, есірткіні жарнамалаушылар тобы және синтетикалық есірткіні жеткізуші ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, оның нәтижесінде есірткіні насихаттау және жарнамалаумен айналысатын екі адам, сондай-ақ синтетикалық заттарды «қойып кетуді» жүзеге асырған ер адам ұсталды.
Тұрғын үй ғимараттарының сыртына есірткі таратуға қатысы бар интернет-дүкендер сайттарының аттарын жазу үшін Алтай ауданы Серебрянск қаласына арнайы келген Семей қаласының екі тұрғыны анықталды. Олар ешкімнің көзіне түспеу үшін тұрғын үйлерге сайт атауларын тәуліктің қараңғы уақытында жазған. Полиция қызметкерлері «жарнамашыларды» қылмыс үстінде ұстады, олардан бояу баллондары тәркіленіп алынды.
Ұсталғандардың айтуы бойынша, осындай граффити суреттерді жазғандары үшін оларға әлеуметтік желі арқылы сөйлескен белгісіз адамдар белгілі бір ақша сомасын төлеуге уәде еткен. Енді табыстың орнына оларға қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі төніп тұр.