27 қыр, 2022 сағат 18:55

Шетелдіктерге ЖСН не үшін беріледі?


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрліктің мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Дәулет Бекмановтың айтуынша, қазір ресейліктер банк шоттарын ашу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекте тұр.

"ЖСН екі мәселе үшін беріледі. Біріншісі Қазақстаннан жылжымайтын мүлік сатып алатын болса, екіншісі – банктен шот ашса. Қазір барлығы шот ашу үшін ЖСН алып жатыр. Өйткені біз күнде дүкенге барамыз, такси ақысын төлейміз. Сол үшін шот керек", - деп түсіндірді ол.

ЖСН бір рет беріледі. Оны Қазақстанға келген сайын рәсімдеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, оның айтуынша, шетелдіктерді әкімшілік жауапқа тарту үшін де ЖСН қажет.

"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин жыл басынан бері ХҚКО-ларға ЖСН беру бойынша резидент емес тұлғалардан 320 мыңнан астам өтінім түскенін мәлімдеді. Соның ішінде 97 мың өтінім Ресей азаматтарынан қабылданған. Мәселен кеше, 26 қыркүйекте республика бойынша ЖСН рәсімдеуге 13 мыңнан аса өтінім түсті.