27 мау, 2019 сағат 13:58

Шетелдіктер Қазақстанда тұрақты тұру үшін баж салығын төлеуі мүмкін

Шетелдіктерге Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж салығы енгізілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстыру барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көші-қон процестерінің құқықтық базасын кеңейту және заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатында тиісті ұсыныстар қамтылды. Біріншіден, шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж салығын енгізу ескерілген. Екіншіден, ұлттық заңнамада реадмиссияға арналған құқықтық негіздердің жоқтығынан, ұлттық заңнамаға реадмиссия туралы халықаралық ережелерді енгізу ұсынылады», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар адамдардың кетуіне шектеулер көзделген толықтырулар енгізу де қарастырылған.

Сондай-ақ, Үкіметтің шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға арналған квотаны белгілеу қызметін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға беру ұсынылады.

Ақмәди Сарбасовтың сөзіне қарағанда, сыртқы еңбек көші-қоны саласындағы заңнама тиісті өзгерістер мен толықтыруларға әсер етті.

«Біріншіден, ел экономикасына шетел инвестицияларын тарту процесіне жұмылдырылған жұмыс берушілер мен инвесторлардың қажеттілігіне жедел ден қою үшін, Үкіметтің шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға арналған квотаны белгілеу жөніндегі функцияларын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға беру ұсынылады. Екіншіден, экономикалық қызмет түрлерін алып тастап, шетелдік жұмыс күшін тартуға квоталарды белгілеу кезінде санаттар бойынша бөлу ұсынылады», - деді вице-министр.

Үшіншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімін жетілдіру және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың әрекетін басқа әкімшілік-аумақтық бірліктерге тарату көзделіп отыр. Бұл ретте жұмыс беруші рұқсатта көрсетілген әрбір өңірдің бюджетіне салық алымын төлеуге, сондай-ақ тиісті өңірлерде жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету туралы шарты болуға тиіс.

«Төртіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біздің Министрлік арқылы берілетін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтамасы бойынша жоғары білікті шетелдіктер өз бетінше жұмысқа орналаса алады. Соңғы 3 жылда барлығы 11 адам өтініш білдіріп, тиісті анықтамалар алған. Осыған байланысты, бұл құзыретті жергілікті атқарушы органдардың деңгейіне беру ұсынылады. Бесіншіден, шағын кәсіпкерлік субъектілері еңбекші көшіп келушілерді тиісті рұқсат алмай заңсыз қызметке тарту фактілерінің көп кездесуіне  байланысты, айына 8 АЕК салық алымдарын төлеу арқылы ШЖК-ны тартудың қолданыстағы тетігіне сәйкес, еңбекші көшіп келушілерді «маусымдық жұмысшыларға» теңестіруді ұсынамыз. Бұл ретте, маусымдық жұмысшыларға жұмысқа қабылдануы үшін кәсіптер тізбесі анықталады», - деді А. Сарбасов.