Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген автокредит бағдарламасы тек отандық автоөндірісті қамтитынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден "импортталатын көліктерге жеңілдетілген автокредит беріле ме?" деп сұрады.
Өскенбаев мұндай мәселе тіпті қаралмайтынын меңзеді.
"Жоқ, әрине, бұл тіпті нонсенс. Біз сонда бөтен өндіріске, бөтен жұмыс күшіне, бөтен салық салу базасына басымдық беруіміз керек пе? Жоқ, әрине! Автокредит тек отандық автоөндіріске беріледі", - деп кесіп айтты индустрия министрі.
Бұған дейін "ҚазАвтоПром" басқарма төрағасы Асқар Әміртаев жеңілдетілген автокредит бағдарламасына импортталатын көліктерді де қосуды ұсынған еді.