© Sputnik / Владислав Воднев
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шет елдерде референдумда дауыс беру қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
52 шет мемлекетте Қазақстанның өкілдіктері жанынан 65 референдум учаскесі ашылған. Шет елдерде дауыс беретін сайлаушылар тізіміне 11 350 отандасымыз енгізілген.
"Дауыс беру қазіргі таңда тыныш және жұмыс атмосферасында өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шет елдерде 5 100 қазақстандық дауыс берді. Бұл тізімге енгізілген сайлаушылардың 45 процентін құрайды", - деді Василенко Орталық референдум комиссиясында өткен брифингте.
Уақыт айырмашылығына байланысты дәл қазіргі уақытта барлық 65 референдум учаскесі ашылды. Тіпті, кейбір учаскелерде, Қытай, Корея, Жапония және тағы басқа елдерде дауыс беру аяқталып, дауыстарды санауға кірісті. Кейбір учаскелерде сайлаушылардың жүз пайызы келді.
Нью-Йорк, Вашингтон, Бразилия сияқты қалаларда дауыс беру учаскелері енді ғана ашылды. Олар әлі дауыс береді, деді Василенко.