02 қыр, 2019 сағат 14:42

Мұрат Әбенов: Шеруге ресми рұқсат берілуі - маңызды мәселе

Шеруге ресми рұқсат берілуі маңызды мәселе. Мұндай пікірді белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта азаматтардың арасында саяси белсенділік өте жоғары. Мұны өткен сайлаумен де байланыстырамыз. Дегенмен, соңғы 3-4 жылда қоғам қатты өзгерді, құқықтық сауаттылығы жоғарылады. Бүгінде «қоғамда бір нәрсе айтсаң, оны барлығы бірдей қабылдайды» деп айтуға болмайды. Яғни, қоғам өзгергеннен кейін әр айтылған мәселені ортаға салып талқылап отырған жөн. Осы тұрғыда бүгінгі Жолдаудан өзіме керек дүниенің басым бөлігін естідім», - деді қоғам қайраткері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына орай пікір білдіре келе.

Оның атап өтуінше, бүгінгі Жолдауда қысқа және ұзақ мерзімді мәселелер қамтылған. Қысқа мерзімді мәселелерге авиация, темір жол билеттерінің тапшылығы сынды проблемаларды жатқызсақ, ұзақ мерзімді мәселеде саяси жүйені жаңғырту жайын айтуға болады.

«Соңғы жылдары азаматтар әлеуметтік, экономикалық қана емес саяси да талап қойып отыр. Айталық, алдағы уақытта экономиканы дамыту үшін міндетті түрде саяси өзгерістер жасауымыз керек деген пікір бар. Бұрын біз керісінше, алдымен экономика, содан кейін саясат деп айтатынбыз. Ал бүгін осы мәселе қозғалып, шеруге шығуға рұқсат берілетіндігі ресми айтылды. Меніңше, бұл - маңызды мәселе», - деді Мұрат Әбенов.

Әріптесін қолдаған саясаттанушы Ерлан Саиров шет мемлекеттерде орын алып жатқан шерулерден ешкімнің де ұтылып жатпағанын айтты. 

«Меніңше, бұл жүйе жақын арада Қазақстанға да кіреді. Бұл дұрыс нәрсе. Сонымен қатар әлеуметтік мәселелер де бар. Олар болашақта шешіледі деген ойдамыз. Осы орайда атап өтерлік тағы бір мәселе бар. Біздің болашағымыз - жастар. Жастардың әлеуметтік лифтілерін жасау, олардың болашаққа деген көзқарасын өзгерту сынды мәселелер қарастырылды. Бұл да өте орынды мәселе», - деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында елде митингке шығу үшін арнайы орын берілуі мүмкіндігін айтты.