«Қазір өзбектер бірте-бірте латын әрпіне көшіп жатыр» деп жазыпты осыдан аттай жиырма жыл бұрын Шерхан Мұртаза «Ташкентте кімдер болмаған…» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 16 қыркүйек, 1997жыл).
Тұлға несімен тұлға?! Мәселені дер кезінде көтере білуімен, көре білуімен тұлға. Бұлардың қаламында, қанында кешегі Алаш қайраткерлерінің көрегендік, тектілік қасиеті бар. Біз бұдан бұрын да осындай тұлғалардың әлі күнге дейін маңызын жоймаған мәселелерді арқау еткен туындыларынан үзінді беріп отыратынбыз. Бұл жолы да сол дағдымыздан жаңылмай, Шерағаңның М.Әуезовтің 100 жылдығына орай Ташкентте өткен жиыннан жазған мақаласынан бір үзік жариялап отырмыз.
***
…Мына азаттық алған соңғы жылдарда Орталық Азиядағы үш мемлекет басшылары, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері қайта-қайта бас қосып, жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттер бола тұра, туыстық бірлестіктің жолдарын іздестіріп жүргендері байқалады. Әрине, бұл бір мемлекет болайық деген ниет емес.
Бірақ, саяси, экономикалық, мәдениет, руханият жағынан бірлестіктің пайдасы шаш-етектен екені даусыз шындық. Мысалы, осы үш мемлекеттің ортақ ақшасы болғаннан халықтар пайда көрмесе зиян шекпейді. Қазір Өзбекстанға бара қалсаң, Қазақстанның теңгесі өтпейді. Доллар айырбастауға, қазақ теңгесін өзбек сомына айырбастауға тыйым салынған. Содан барып «қара базардың» айласы қарастырылады. Сөйтемін деп біздің бір жігітіміз Алай базарында қолға да түсіп қалып, әрең құтылды.
Әскер бірлестігі қажет. Бірлескен қарулы күш әрдайым әлеуетті. Осы күндері Қазақстанның оңтүстігінде, Өзбекстан шекарасында өтіп жатқан бірлескен әскери жаттығулар өз нәтижесін беріп те қалар.
Қанша айтқанмен дүние кейпіне қарасаңыз, алапат болып жатқан жерлер аз емес. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Ауғанстан, Тәжікстандағы жанжалдар да жеткілікті. Ой, ол бізден алыста ғой деп жайбарақат жантайып жатудың жөні жоқ. Үлкен өрттің шоғы алысқа шашырайды. Құдай сақтансаң – сақтайды.
Ақ империя, қызыл империя түрік тілдес халықтардың жігін ажыратудың небір қитұрқы жолдарын ойлап тапқан.
Соның бірі – алфавит. Өзбекпен жүзбе-жүз сөйлессең, бәрі түсінікті. Ал енді газетін алып қарасаң, ежіктеп оқып әрең түсінесің.
Қазір өзбектер бірте-бірте латын әрпіне көшіп жатыр. Бірінші сыныптан бастап мектептерде кириллицамен қатар, латын алфавитіне машықтандырады. Көшелері тола өзбек тілінде латынша жазулар.
Ал енді осы бастан осы түрік тілдестер, олардың аса білімді ғалымдары бірлесіп латынның өзін ортақ жасамаса, тағы да шөре-шөре, бір-бірімізді оқи алмайтын, түсінбейтін халде қаламыз.
Төбелес неден шығады? Адамдар бір-бірін түсінбеуден шығады. Түрік тілдестер бірін-бірі қазір түсінбей әлдеқалай төбелессе, біздің ұрпақтарымыз бірін-бірі өлтіруге дейін барады. Құдай оның бетін аулақ қылсын. Ендеше, бірліктің қамы осы бастан қалануы қажет.