Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табаны тазаланады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінде жағдай қиын. Соңғы жылдары су арнасы тартылып, түбі кептеліп қалған. Бұл климаттық жағдайларға байланысты, себебі Мұғалжар тауларында жауын-шашын аз түсуде, қыста қар аз.
Біз биыл көлдің табанын тазалау жобасын бастаймыз. Қажетті қаржы бөлініп жатыр. Шара көлдегі судың сапасын, гидромихиялық құрамын жақсартуға, Шалқар қаласын шаруашылық-тұрмыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министрдің айтуынша, өңірге арнайы комиссия барған.
«Аймаққа комиссия барып, қар қорының қалыңдығы соңғы 10 жылда орта есеппен 34 мм-ді құрағанын анықтады. Бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен 20 мм-ге аз. Ал қар қоры өзендер мен көлдерді негізгі сумен қамтамасыз етеді», - деді ол.
Еске салайық, Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің экология кафедрасының доценті Ақылжан Телеуов Шалқар көлі мен Мұғалжар тауларының мәселесі қазірден бастап шешілмесе, Ақтөбе облысына экологиялық апат қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген болатын. Жергілікті тұрғындар Шалқардағы су деңгейі күрт төмендей бастағанын байқап, дабыл қағып отыр. Көл батпаққа айнала бастады, түбі лай, жағасы қамысқа толған.