Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" шахтасында болған төтенше жағдай салдарынан тағы бір жұмысшы қаза тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Сағат 09:09-да бесінші жұмысшының денесі табылды", - деді ТЖМ баспасөз хатшысы Руслан Иманқұлов.
Сондай-ақ, шахтада зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, бастапқыда жарақат алған кеншілер Шахтинск орталық ауруханасына жеткізілген.
"Алдын ала диагноз - метаннан улану, зардап шеккендердің екеуі Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикология бөліміне жатқызылды. Ал уланудан бөлек, әртүрлі ауырлықта жарақат алған екі науқас Шахтинск қаласының ауруханасында жатыр.
Ол жаққа консилиум өткізу үшін Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың санитарлық авиация мамандарының бригадасы – 2 нейрохирург және 2 реаниматолог аттанды", - делінген хабарламада.
Оқиға орнында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, қала басшысы, серіктестік басшылығы жүргені белгілі болды. Жедел-құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының Шахтинск қаласында "АрселорМиттал Теміртау" шахталарының бірінде газ шыққаны хабарланған болатын.