Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Бүгін "Арселор Миттал Теміртау" компаниясына қарасты Ленин шахтасында төтенше жағдай болды. Метан жарылып, арты өртке ұласқан. Апат салдарынан бес кенші қаза тапты.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай материалдық көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек, ал олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр. Әкімдік барлық көмекті көрсетуге дайын.
Бұдан бөлек, ұжымдық келісімшартқа сәйкес, оларға 10 жылдық еңбекақы көлемінде материалдық көмек көрсетіліп, несиелері жабылады және балаларды оқыту шығындары өтеледі. Сонымен қатар, биылдан бастап ұжымдық келісімшартқа қаза тапқандардың отбасыларына баспана сатып алу туралы тармақ енгізілді.
Жалпы, материалдық және қаржылай көмек толығымен көрсетіледі", - деді Қасымбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.